КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын Оңтүстік Кореяны "бірінші дұшпандық ел" деп түсіндіре отырып, елдің Конституциясына өзгерістер енгізуге шақырғаны белгілі болды. Сонымен қатар, соғыс жағдайында Оңтүстікті "толық басып алу" міндетін бекіту ұсынылады. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Кореяның орталық телеграф агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Корей түбегіндегі соғыс жағдайында Корея Республикасын толық басып алу, басып-жаншу, өзгерту және оны республика (КХДР) құрамына енгізу мәселесін ескеру маңызды", - деп мәлімдеді Ким Чен Ын.
Сондай-ақ, ол Оңтүстік Корея КХДР Конституциясында "№1 дұшпандық ел және өзгермейтін басты жау" ретінде қарастырылуы керек екенін атап өтті.
"Корея дауысы" басылымы нақтылағандай, дүйсенбі күні Пхеньянда 14-ші шақырылымдағы КХДР Жоғарғы Халық Жиналысының 10 сессиясы өтті. Онда Ким Чен Ын "Республиканың өркендеуі мен дамуы мен халықтың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі кезекті міндеттер туралы" бағдарламалық саяси сөз сөйлеген болатын.
Бұдан басқа, Кореяның орталық телеграф агенттігінің хабарламасына сәйкес, КХДР өткен сессияда кореяаралық істерге жауапты ведомстволарды жою туралы шешім қабылдады.