Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында "Бір терезе" қағидаты бойынша шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құрылады. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәжілістің жалпы отырысында айтты.
"Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы рөлі мен міндетін әркелкі түсінеді. Бұл шынайы статистиканы қалыптастыруға, осы саладағы жүйелі проблемаларды анықтауға және шешуге мүмкіндік бермейді. Салдарынан халықтың 51%-ының тұтынушылық құқығын қорғау бойынша мемлекеттік органдарға деген сенімі төмендеген", – деді Бақыт Сұлтанов.
Министрдің мәлімдеуінше, бірыңғай ақпараттық жүйе тұтынушылардан келіп түскен шағымдарға мониторингін жасауды қамтамасыз етеді және объективті статистиканы қалыптастыруға, сараптама жасауға мүмкіндік береді.
"Шағымдарды талдау нәтижелері тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңесте қаралады. Ол проблемалық құқықтық актілерді дереу өзгертуге мүмкіндік береді және мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің тиімділігін бақылауды қамтамасыз етеді", – деді Бақыт Сұлтанов.
Қанат Махамбет