Кінәлі адамдар жазаға тартылады – Президент абақтыда отырғанданды азаптау туралы

1438

Ол әрбір қазақстандықтың құқығын қорғау маңызды екенін атап өтті.  

Кінәлі адамдар жазаға тартылады – Президент абақтыда отырғанданды азаптау туралы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, абақтыда қамалғандарды азаптау деректеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"..Күлбілтелемей бірден азаптау фактілері туралы айтсақ. Мысалы оны өзіміз де көрдік. Әлеуметтік желілердегі видеоларды, жазбаларды сай-сүйегің сырқырап қарайсың. Әсіресе, мәселе арқасына үтік басылған талдықорғандық Азамат Батырбаев деген жігітке қатысты. Осыдан хабардарсыз ба?", – деді журналист Жайна Сламбек Президентке.

Мемлекет басшысы бұл мәселені білетінін айтты.

"Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейне үндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. "Шаш ал десе, бас алатын" әрекеттерге жол беруге болмайды", – деді Қасым-Жомарт Qazaqstan телеарнасына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, қоғамдық комиссиялар азаптау деректерін тексеріп жатыр. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспан сынды белгілі құқық қорғаушылар мен басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрған.

"Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да жұмыстарына араласпайды. Мен де араласпаймын. Әрбір құқықбұзушылық дерегі бойынша шаралар қабылданады. Кінәлі адамдар жазаға тартылады. Мен үшін азаматтарымыздың құқығы аса маңызды. Әсіресе, бүгінде мұны ең маңызды мәселе деп айтуға болады. Мен үшін әрбір іс бойынша әділ шешім шығару негізгі принцип болып саналады", – деді Президент.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу