Кінәлі – мектеп басшысының орынбасары

842

Ақтөбеде сабақ кезінде дезинфекция жүргізген тұлғалар жазаланды.

Кінәлі – мектеп басшысының орынбасары

Ақтөбедегі сабақ кезінде дезинфекция жүргізген мектеп директорының орынбасары жұмыстан босатылды. Жағдайды сараптаған арнайы комиссия оны болған жағдайға тікелей кінәлі деп тапты, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназиясында жұмыс уақытында дезинфекциялық жұмыс жүргізіліп, жүзге тарта оқушының сыртқа шығарылғанын бұған дейін жазған болатынбыз.

Қазіргі күні облыстық білім басқармасының басшылығының шешімімен аталған білім мекемесі директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары жұмыстан босатылды.

Белгілі болғандай, бұл қызметкер жәндіктерді улауға келген маманмен тікелей жолығып, оған соңғы сабақтың аяқталуын күтпей, жұмысын бастауға рұқсат еткен. Ал қоңырауға дейін бұл кезде бар-жоғы бес минут қалған екен. Жертөледен көтерілген түтіннен қорқып кеткен үш сыныптың жүзге тарта баласы жапатармағай далаға қашып, дүрлігіп кетеді. Дегенмен мектеп директоры мен қалалық білім беру бөлімінің басшысы да жазадан құтылмаған. 

"Каникулдың кезі емес, нақты сабақ процесі кезінде өткізгені үшін мектеп директоры және қалалық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды", – дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу