Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады: Олжас Бектенов жылу маусымына байланысты ескерту жасады

366

Нысандар қысқа әзірлік құжаттарынсыз жұмысты бастамауы тиіс. 

Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады: Олжас Бектенов жылу маусымына байланысты ескерту жасады Фото: syrboyi.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындықты тездетуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Солтүстік аймақтарда жылыту маусымы басталғанға дейін бір айдан аз уақыт қалды. Алайда, бірқатар өңірлерде жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталмай қалу қауіпі бар. Жаңа ғана әкімдердің баяндамаларын тыңдадық. жұмысты барынша жеделдету керек. Оған қоса, Ақмола облысында Степногорск жылу электр орталығында резервтік қазандықты жөндеу әлі аяқталған жоқ. Маңғыстау облысында 2-ші жылу электр орталығында екі турбинаны жөндеу мерзімі ауыстырылды. Сондай-ақ Ақтау қаласында жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының қарқыны төмен", – деді Үкімет басшысы.

Бектенов мұндай мәселелер әр өңірде бар екенін айтты.

"Бұндай жағдайлар әкімдер тарапынан жоспарлаудың нашар болуы мен қатаң бақылаудың жоқ екенін көрсетеді. Кейбір облыстарда қысқа дайындық бойынша Өңірлік штабтардың жұмыстары мардымсыз болып отыр. Тиісті үйлестіру мен бақылауды жүргізу арқылы көп мәселені уақытылы шешуге болады. Биыл мамырда жабдықтарды жөндеу мерзімін негізсіз ауыстыруға жол бермеу тапсырылған болатын. Алайда, "KEGOC" компаниясы энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарының мерзімдерін ұзартуға рұқсат беруді жалғастыруда", – деді Премьер-министр.

Үкімет басшысының айтуынша, бұл орындаушылық тәртіптің төмендігін және тиісті бақылаудың жоқ екенін көрсетеді.

"Нысандар қысқа әзірлік паспорттарсыз, жұмысты бастамау керек. Риддер, Кентау, Екібастұз және Ақтау қалаларының энергия көздерін ерекше бақылауға алу қажет. Әзірлік паспорты болмай жылыту маусымы басталатын болса, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатын болады. Сондай-ақ жылу беру маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жаңғыртуды тапсырамын. Энергия көздері мен желілердің жұмысын үнемі тексеріп отыру қажет. Жылыту маусымын ауа-райына қарай қатаң белгіленген мерзімде бастап кету керек", – деді Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу