Қазақстанда "Кино туралы" заңға бірқатар өзгерістер енгізілмек, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Кино – идеологиялық ықпалдың маңызды құралы. Сондықтан кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің мазмұнына бақылауды күшейту күн тәртібіне қойылып отыр. Осы мақсатта кинопрокат саласын реттеуге бағытталған заңнамалық өзгерістер әзірленуде", – деді министр.
Жоспарланған өзгерістер қатарында мыналар бар:
- Прокатқа шығар алдында фильмдерді алдын ала қарау және сараптамадан өткізу үшін арнайы комиссия құру;
- Прокат куәлігін беру мерзімін 7 жұмыс күнінен 20 жұмыс күніне дейін ұзарту;
- Кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің толық нұсқасын ұсынуды міндеттеу.
Министрдің айтуынша, қазіргі заңнама тек қысқа трейлерлерді (тизерлерді) қарауға мүмкіндік береді. Бұл фильм мазмұнын, оның ішінде жағымсыз контент немесе жат идеология бар-жоғын толық анықтауға мүмкіндік бермейді.
Бұған дейін еліміздің кино саласына бөлінетін қаржы цифрлық бақылауға алынатыны хабарланған еді. Сонымен қатар, Үкімет басшысы Олжас Бектенов кинонен түсетін табыстың басым бөлігі кинотеатр иелерінің пайдасына кететінін атап өткен болатын.