2026 жылы мемлекеттік қолдауға үміткер киножобалар бойынша Ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биылғы кино жобалар конкурсы 1 наурызда басталып, іріктеу бірнеше кезеңмен жүргізілді.
Алғашқы кезеңде электронды форматта 323 өтінім қабылданып, оның 277-сі Сараптама кеңесінің қарауына жіберілді. Екінші кезеңге сценарийлер мен сценарийлік жоспарлар түрінде ұсынылған 107 жоба өтті.
Іріктеудің келесі кезеңінде 95 жоба питчинг форматында таныстырылды. Олар көркем, деректі және анимациялық фильмдер секциялары бойынша Сараптама кеңесінде қаралды. Ашық қорғау рәсімі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіліп, конкурстың ашықтығы қамтамасыз етілді.
Талқылау қорытындысы бойынша ұлттық фильм мәртебесіне үміткер 34 жоба оң қорытынды алып, Ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылды. Комиссия шешімімен мемлекеттік қолдауға 18 киножоба іріктелді.