Контрафактілік кір жуу ұнтақтарын дайындайтын астыртын цех қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР ҚМА Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Жедел-іздестіру шаралары барысында Түркістан қаласының тұрғыны Р. Абдуллаев "Иштихат" тұрғын алабы, Доспанбет жырау көшесі н/ж мекенжайы бойынша цех ұйымдастырғаны, онда заңсыз жолмен "Ariel", "Тide", "Миф", "Persil" маркалы 2, 3, 6 кг көлемдегі ұнтақтар дайындағаны анықталды. Ұнтақтарды буып-түюге және өлшеп-орауға арналған 7 жабдық, 500-ден астам ұнтақ қаптамасы, 20 кг-дық 100-ден астам ұнтақ, белгілі маркалардың атаулары бар полиэтилен пакеттер тәркіленіп алынды. Құқық иесі "The Procter&Gamble Company" компаниясына зор залал келген", – деп жазылған хабарламада.
Р. Абдуллаевқа 5,9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
Айта кетсек, контрафактілік тауарлар мемлекетке де, азаматтардың денсаулығына да зиян келтіреді. Нарықта киім мен балалар ойыншықтары, тамақ пен дәрі-дәрмектердің де контрафактілік өнімдері кездеседі.