Кирилл Божко 7 жылға сотталуы мүмкін

2987

Полиция күдіктінің көпшіліктен кешірім сұраған видеосын жариялады.

Кирилл Божко 7 жылға сотталуы мүмкін

Қостанай облысында ұлтаралық араздықты қоздырған әсіреұлтшылға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ол әлеуметтік желі арқылы украиндық блогермен болған әңгіме барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін, жерін қорлап, қазақ халқының ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Артынша әлеуметтік желіде оның аты-жөні мен мекенжайы туралы мәлімет тарап кетті. Осылайша, ел ішіне от тастап, ұлт араздығын қоздырған күдіктінің Кирилл Божко есімді Рудный қаласының тұрғыны екені белгілі болды.

Еске сала кетсек, аталмыш азаматтың әрекетіне қатысты наразы болғандар әлеуметтік желілерде оның кешірім сұрап қана құтылмауын, оған қатысты қылмыстық іс қозғалуын талап еткен болатын.

"Мына Кирилл Божко деген бізді әбден масқаралап отыр, шамасы алдында да талай рет басқалар кешірім сұрап құтылып кете бергесін, мен де көп болса солай құтылармын деген шығар? Қазір байқауымша фб бетінде оны қалайда жазаға тартуды жақтаушылар көп. Менде көбіне достарым қазақ тілді аудитория болғандықтан, бәлкім орыс тілді аудиторияда жағдай мүлдем басқаша шығар? Қалай болғанда да ана тілді-мына тілді деп бөлінбей, барлығымыз бір ауыздан осы жігітті жазаға тарту жағына жұмыстануымыз керек деп ойлаймын, өйткені ол жеке адамдарды ғана емес, бүкіл қазақ ұлтын қорлап отыр ғой. Мұны қалай жасауға болады? Жекелеген адамдар ма, әлде қазақ тілі сияқты қоғамдық ұйымдар ма – әйтеуір біреу сотқа арыз түсіргені дұрыс шығар, әйтпесе жапа шегуші жақ болмаса сот немесе полиция оргадары іс қозғамауы да мүмкін? Немесе осында петиция жазып, соған қол жинаушылар болушы еді ғой? Әйтпесе бұлар бірінен-соң бірі әбден мазақ етіп, артынан кешірім сұрап құтылып, намысымызға тиіп бітті емес пе? Құзырлы органдар дегеніміз де намысы жоқ біреулерге айналып кетті ғой, әйтпесе ешкімге жалтақтамай-ақ, заңды тұтқаларды қолдана отырып сондайлардың үндерін өшіру қолдарынан келеді ғой",– деп жазған еді қоғам белсендісі Қуаныш Еділхантегі.

"Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында полицейлер YouTube  арнасынан аталмыш видеоны анықтап, шұғыл тексеріс жүргізді. Қазір күдіктінің жеке басы анықталып, тергеу шаралары басталды. Күдікті 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", – деп мәлімдеді Қостанай облысының полиция департаменті.  

Полиция Кирилл Божконың көпшіліктен кешірім сұраған видеосын да жариялады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу