Кіріс жоспары барлық өңірде асыра орындалды – Ерұлан Жамаубаев

585

Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев соңғы 8 айда бюджетке 7 трлн 139 млрд теңге кіріс кіргенін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Кіріс жоспары барлық өңірде асыра орындалды – Ерұлан Жамаубаев

"Республикалық бюджетке 4,6 трлн теңге түсті. Кіріс жоспары 30 млрд теңгеге асыра орындалды. Оның ішінде салық жоспары 17 млрд теңгеге артық болды", – деді министр. 

Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы бойынша жоспар орындалмады. 

"Теңіз" кен орнында жүргізілген күрделі жөндеу мен шикі мұнай өндіру көлемінің төмендеуі және импортқа қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауы жоспардың орындалуына кедергі келтірді. Өткен жылдың 7 айымен салыстырғанда үшінші елдермен тауар айналымының 6,7%-ға немесе 875 млн долларға, оның ішінде шілде айында импорт көлемінің 26%-ға немесе 645 млн долларға төмендеуі де тосқауыл болды", – деді министр. 

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, салықтық емес түсімнің жоспары асыра орындалған. Бұған мемлекеттік органдар салатын айыппұл, өсімпұл, санкция және өндіріп алу себеп болған. 

"Жергілікті бюджет кірісі 115%-ға атқарылды және 2 трлн 547 млрд теңгені құрады. Жоспар 332 млрд теңгеге, оның ішінде салық бойынша 280 млрд теңгеге асыра орындалды. Кіріс жоспары барлық өңірде асыра орындалды", –деді қаржы министрі. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу