"Кіруге қорқамыз": Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендер жанайқайын жеткізді

493

Ойыл ауданы, Қаратал ауылында қарғын судан зардап шеккен тұрғындар үйлеріне орала бастады.   

"Кіруге қорқамыз": Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендер жанайқайын жеткізді Фото: inbusiness.kz

Кейбір тұрғындар баспанасына кіруге жүрексініп қалғанын айтады. Өйткені, қардың суы аулаға, қора-қопсы, сарайына кірген, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Менікі коммуналдық арендалық үйге жатады. Жазғы сарайым жарамсыз болып қалыпты. Мынау құласа, бала-ашағам астында қалады, соған уайымдап отырмын. Ішіне кіруге де жүрек дауаламайды. Одан басқа  сарайға жапсарлас "верандам" бар еді, су іргетасын тесіп, енді төбесі мен қабырғасына сызат түсіп тұр. Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері келіп суретке, видеоға түсіріп кетті. "Әзірге ешкім тұрғызып береміз, қалпына келтіреміз" деп айтып жатқан жоқ. Бүлінген сарайымды қалпына келтіруге өзімнің шамам да келмейді. Мүгедек балам бар, келіншегім соның күтімін жасап үйде отыр. Өзім үш айдан бері жұмыссызбын. Сондықтан көмек беріп, қолдау болса екен. Су лап қойған күні мектепке уақытша орналастырды. Ауылдың мектебінің директорына алғысым шексіз. Ыстық тамағын беріп, жағдайымызды жасады", - дейді Қаратал ауылының тұрғыны Ербол Шәуменов.

Ақтөбе облыстық әкімдігіндегілер Ойыл ауданында 5 үй мен 25 аулаға су кіргенін хабарлады. Бұл сандар әлі де өзгеруі мүмкін. Себебі, арнайы құрылған комиссия үй-үйді әлі аралайды. 

"Баспанасы жарамсыз деген шешім шығарса, әкімдік тарапынан жаңа үй соғу жағы қарастырылады немесе баспана алып береді", - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіндегілер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу