Кіші Аралды қайтсек құтқара аламыз?

Соңғы 50 жылдан бері адамның жыртқыштығымен аңқасы кепкен Арал теңізінің қазіргі жайы кісі аярлықтай. 

Кіші Аралды қайтсек құтқара аламыз? Фото: Рыскелді Сәрсенұлы

Ең үлкен трагедия – Арал теңізінің екі жағынан белдікше қаусырған Қызылқұм мен Қарақұмның бір-біріне тынымсыз жылжуы.

Inbusiness.kz тілшісі инженер-гидротехник Әлібек Сабырбаевпен теңіз тағдыры турасында әңгіме өрбіткен еді. Өлкетанушының айтуынша, тереңдігі 70 метрге жуық теңіздің жоғалуы – адам сенбестей оқиға.

"XX ғасырдың 80-жылдарынан бастап Арал аймағы – "Экологиялық апат аймағына" айналды. Ширек ғасыр ішінде бір ұрпақтың көз алдында жер бетінен аумағы 6 миллион гектарға созылған, тереңдігі 69 метр теңіздің жоғалып кетуі – адам баласы сенбейтін жағдай. Сенбеске амалың жоқ, жүз жылдан аса хомо сапиенс (саналы адам) ұрпақтарының қолымен жасалды, Коммунистік партияның жоспарын міндетті түрде орындауға үйренген, "шаш ал десе, бас алатын" "қызыл коммунистердің" басшылығымен "табиғаттың бермесін тартып аламыз!" деп ұрандатып жүріп Арал теңізін құрттық. Тағдырын теңізбен байланыстырған ата-бабаларына мыңдаған жыл теңіздің жағалауы қоныс болған, несібесін теңізден айырған миллионнан аса халықтың (Арал, Қазалы ауданы, Қарақалпақ Республикасы) тағдыры аяқ асты болды. Аралдықтар үшін "Көк жойқын теңіз, Кемерінен асып көлкіген" деп ақын Зейнолла Шүкіров жырлаған теңіз енді жоқ!"– деп күңіренеді ол.

Социалистік Еңбек Ері, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков Арал теңізі туралы: "Қай кезде де ет пен сүтті, күріш пен мақтаны өзге жерден сатып алуға болады. Ал суды, әсіресе теңізді сатып ала алмаймыз" деп айтқан екен. Иә, мұны растамасқа амалымыз жоқ. Өйткені, Кіші Аралды сақтап қалу үшін қаншама миллиардтардың құмға сіңгені де өтірік емес.

"Ең үлкен трагедия Арал теңізінің екі жағынан белдікше қаусырған Қызылқұм мен Қарақұм тынымсыз жылжып, бір-біріне жыл сайын жақындап келеді. Екеуінің бүгіндегі арақашықтығы 83 шақырым-ақ. Теңіз толықтай құрғап бірігетін болса, Сахара, Гоби, Такламакан секілді ұшқан құстың қанатын күйдіретін шөлге айналады.

Жалпы құны 85,8 миллион АҚШ долларын құрайтын "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу" САРАТС-1 ірі ұлттық жобаның бірінші кезеңі іске асырылды. "Ақлақ" су торабы құрылысы, "Көкарал" су реттегіш тоспасы және 13 шақырымдық "Көкарал" бөгеті, "Әйтек" құрылыс кешені, өзен бойындағы қорғаныс бөгеттері салынды. "Қазалы", "Қызылорда" су тораптарында, "Шардара", "Арнасай" су тоспаларында күрделі жөндеу жұмыстары іске асты.

САРАТС-2 жобасын тезірек қолға алу керек. САРАТС-1 жобасы бойынша "Көкарал" (2006 жылы пайдалануға берілді. Содан бері 18 жыл өтіпті) бөгеті 39,90 метрден 42 деңгейге (метр) көтерілген болатын. САРАТС-2 жобасы бойынша 48 деңгейге көтеру керек, яғни 6 метрге және 13 шақырымдық бөгетті күрделі жөндеуден өткізу керек. Бұл жоба аясында көлдер жүйесін қалпына келтіру, "Ақлақта" су электр станциясын салу, Арал суын қалаға жеткізу үшін "Аманөткел-Саршығанақ" каналын бітіру керек", - деп есептейді Әлібек Сабырбаев.

Кейіпкердің айтуынша, ең маңыздысы – Өзбекстан мен Қазақстан үкіметінің келісімімен, Айдаркөл суын (44,3 км3) "Шардара" су қоймасына насостар арқылы жеткізуді тез арада шешу. Насос қоятын жерді Өзбекстан су мамандарымен келісе отырып, Айдаркөлден қанша су алынатынын, екі тараптың мамандары бір шешімге келіп, қанша насос керегін есептеп, жоспарын бекіту маңызды. Жетісай мен Мақтаарал аудандарының ауылшаруашылық дақылдарына "Достық" каналы арқылы алынатын су көлемін есепке алу да өз нәтижесін береді.

"Арал теңізі жағалаудан 100-150 шақырым қашықтап кетті, деңгейі 13 метрге төмендеді, 1962 жылы Аралдың көлемі 66 мың шаршы шақырым болған. Бір деректе Кіші Аралдың көлемі 27 мың шаршы шақырым болса, бүгінгі күні оның 10 шаршы шақырымы қайтып кеткені айтылады. Жағалауын құм көшкіндерінен қорғап тұрған 800 мың гектардан астам тоғай жойылып кетті. Арал маңындағы Қарақұмның тұсынан Аққұм деп аталатын тұзды, сортаңды қауіпті аймақ пайда болды. Оның ауданы күн сайын ұлғаюда. Аққұмнан ұшқан қиыршық құм мен тұз берісі Торғай, Павлодар, Көкшетау облыстарына жетсе, арысы Солтүстік Мұзды мұхитқа дейін барған. Дарияның суы барынша ластанып біткен, оның жағасындағы қалалардың өнеркәсіп орындары өзі пайдаланған лас суын өзен арнасына ағызады. Бұған қосымша мақта, күріш егісіне пайдаланылған тыңайтқыштар мен гербицидтердің қалдығы да қашыртқы сулармен Сырдарияға келіп қосылады. Кейбір жылдары судың жарамсыздығынан дарияда өлген балық ағып жататын болды", - деп сөзін жалғады инженер-гидротехник.

Сондай-ақ, Әлібек Сабырбаев Арал теңізінің тартылуының басты себептерін атап, Үкіметтің Кіші Арал проблемаларын кешенді түрде шешетін жұмыстарына да тоқталып өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу