Үкімет отырысында ол шалғайдағы шағын ауылдарға интернет желісі қалай тартылып жатқанын айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, жұмыстар әлдеқашан басталып кеткен. Тіпті, кішкентай 22 ауыл интернетпен қамтылған. Жыл соңынан дейін 120-дан аса ауыл да осындай қуанышқа кенелмек.
– Жету қиын шалғай ауылдарды интернетпен қамту үшін Fixed Wireless Access технологиясы да енгізіліп жатыр. Қазір 22 ауыл интернетке қосылған болса, 2026 жылдың аяғында дейін осындай 122 шалғай ауылдағы 11 мың абонентті осы тәсілмен интернетке қосу көзделген. Бұл халық саны 50 тұрғын шамасындағы шалғай жатқан шағын ауылдарға арналады, – деді Бағдат Мусин.
"Қазақтелеком" акционерлік қоғамының басқарма төрағасының айтуынша, қазір ауылдарға жоғары жылдамдықтағы интернет қосылуда.
– "Ауыл online" жобасы аясында елімізде бұрын болмаған 3 мыңнан астам ауылды жылдамдығы жоғары интернетке қосу басталып кетті. Бұл жоба Жасанды интеллект министрлігінің көмегімен жасалып жатыр.
1,5 жылдың ішінде 500-ден астам елді мекен Amazon, Starlink сияқты жер серіктері арқылы қосылатын болса, 2500 ауылға оптика тартылады. Жоба аясында 5000-нан астам мектеп, денсаулық сақтау нысандары, мемлекеттік мекеме желіге қосылады. Ең бастысы, 1 миллионнан астам ауыл тұрғыны жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізеді, – деп толықтыра кетті ол.