Өз кезегінде Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәселені өз бақылауына алатынына сендірген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы әкімнің тұрғындармен кездесуінде сөз болды.
Тұрғын жергілікті жерде мемлекеттік балабақшалардың жетіспеуінен баласын жеке балабақшаға бергенін айтқан. Сондай жекеменшік балабақшалардың бірінде баласы әлеуметтік қысымға ұшырапты.
– 2024 жылдың тамызынан бастап ұлым жеке балабақшаға барып жүрді. 26 қыркүйекте ата-аналармен жанжал болды. Сол оқиғадан кейін екі жастағы балам заңсыз түрде балабақшадан шығарылды. Балабақша әкімшілігі балама қатысты әлеуметтік буллинг белгілері бар әрекеттерге жол берді, – деді ол.
Әйелдің сөзінше, баласын "агрессивті" деп сипаттап, тіпті "кішкентай Бишімбаев" деп айдар таққан.
– Мен полицияға, прокуратураға, білім басқармасына арыз жаздым. Бірақ бәрінен тек сарынды жауап келді. Барлығы "жекеменшік балабақша біздің құзырымызда емес" деп жауап берді, – дейді ашынған ата-ана.
Сонымен қатар, шағымданушы балабақшаның мемлекеттік дотацияны бір филиал арқылы алып, төлемдерді басқа филиал арқылы қабылдап отырғанын ашық жариялап, заңсыздықтарды жіпке тізді.
– СЭС қорытындысы, рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, балабақша жұмыс істеп тұрды, – деп сөзін жалғады тұрғын.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек аталған жағдайға баса назар аударып, оқиға расталса, жауаптылар жазасыз қалмайтынын айтты.
– Кездесуден соң құқық қорғау органдарына ресми шағым жазып кетіңіз. Мен жеке бақылауыма аламын. Егер айтылған фактілер расталса, жауапты тұлғалар міндетті түрде жазаланады, – деді әкім.