"Кітап оқитын ұлт" марафонының жеңімпазына 600 мың теңге беріледі

379

Марафонға алғашқы күндердің өзінде 150 мыңға жуық адам қосылған.  

"Кітап оқитын ұлт" марафонының жеңімпазына 600 мың теңге беріледі Фото: adebiportal.kz

Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған "Кітап оқитын ұлт" республикалық марафонына қатысу үшін тіркеу жүріп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жоба басталған алғашқы күндері оған 150 мыңға жуық адам қосылған.

Марафон 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Оған Қарағанды облысының тұрғындары да қатыса алады.

Жоба жеті бағытты қамтиды. Олар – "Кітап оқитын мектеп", "Кітап оқитын колледж", "Кітап оқитын университет", "Кітап оқитын педагог", "Кітап оқитын әулет", "Кітап оқитын мемлекеттік қызметші" және барлық ниет білдірушілерге арналған "Кітап оқитын зиялы".

Әр қатысушы өз бағыты бойынша 15 кітап оқуы керек. Марафонға арнайы әзірленген тізімге 330 шығарма енгізілген. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде. Қорда отандық авторлардың еңбектерімен қатар әлем әдебиетінің классикасы, заманауи шығармалар мен бестселлерлер бар.

Негізгі оқу кезеңі 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Қатысушылар оқыған кітаптарына қысқаша пікірлерін жеке кабинеттерінде жариялап отырады. Наурыз-сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер ұйымдастырылады.

Марафон жеңімпаздары ақшалай сыйлықпен марапатталады. Бірінші орынға – 600 мың теңге, екінші орынға – 450 мың теңге, үшінші орынға – 300 мың теңге беріледі. Финалистерге дипломдар мен электронды сертификаттар табысталады.

Марафонға тіркелу 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Қатысу ережелері мен кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу