Кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек

525

Президент депутаттардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдайтынын жеткізді.  

Кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болу керек екенін ескертті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ,  бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Өз кезегінде Президент депутаттардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдайтынын жеткізді. 

"Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек. Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек", - деді Мемлекет басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу