Өзбекстанда сотталғандардың жазасын кітап оқығаны үшін қысқарту ұсынылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты uznews.uz агенттігіне сілтеме жасап.
"Миллий тикланиш" партиясының мүшелері сотталғандардың заңға бағынатын мінез-құлықтарын ынталандыратын нормаларды қарастыратын заң жобасын талқылады. Құжатқа сәйкес, жазасын өтеп жатқан адамдарға кітап оқу арқылы жазаның мерзімін қысқартуға мүмкіндік берілуі мүмкін.
Талқыланып жатқан заң жобасында өздерінің түзелгендерін көрсеткен сотталғандардың жаза мерзімін қысқарту қарастырылған.
"Жазаны орындау мекемелерінде сотталғандарды кітап оқуға тарту көзделіп отыр. Белгіленген тізімнен бір кітапты оқып, сынақ тапсырып өткен әр сотталғанның жазаның өтелмеген бөлігі үш күнге қысқартылады", – деп түсіндірді партия фракциясының мүшесі Баходир Маматханов.
Айтуынша, жазасын өтеп жатқандар жылына 10 кітап оқып, емтихан тапсыра алады. Республикалық руханият және ағарту орталығы оқуға арналған әдебиеттер тізімін бекітеді.