Атап айтқанда, "Мәдениет туралы" заңға кітапхана қорын сақтау және дамыту мәселелері бойынша әкімдіктердің өкілеттігін кеңейтетін өзгерістер енгізілді. Кітапханаларға да өз ғимараттарын пайдалана отырып, оқу-білім және мәдени шаралар ұйымдастыру мен өткізу қызметі берілді.
"Бұл қадам кітапхананың дамуын ынталандырады деп санаймыз. Кітапханалардың 99%-ы жергілікті атқарушы органдарының қарамағында. Бұған мәдениет саласындағы 4 000-ға жуық кітапхана және білім беру саласындағы 8 000-нан астам кітапхана кіреді. Облыстық және аудандық деңгейдегі атқарушы органдарға кітапхана қорын дамыту және сақтау өкілеттігін беру – айтарлықтай мүмкіндіктерге жол ашады", – делінген министрліктің жауабында.
Ведомствоның ақпаратына қарағанда, мемлекеттік кітапханаларға ғимараттарын пайдалана отырып, іс-шараларға ақылы қызметтер көрсету құқығын беру тәртібі кітапханаларды қолдауға жақсы мүмкіндік.
"Бұл қызметтерден түскен қаражат кітапхананың өзінде қалады. Осы орайда олар өздерінің шығындарын жабуға мүмкіндік алады", – деп аталып өткен министрлік мәліметінде.