Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік тауарларының бағасы арзандады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2026 жылғы 15 шілдедегі жағдай бойынша, есепті аптада кейбір өнім түрлерінің құны төмендеген.
Бағасы ең көп төмендеген өнім – қияр. Оның бағасы бір апта ішінде 4,6%-ға арзандады. Сондай-ақ қызанақ пен сәбіздің бағасы 3,2%-ға, жұмыртқаның бағасы 0,4%-ға, ұн 0,3%-ға, ал тауық еті 0,2%-ға төмендеген.
Өңірлер бойынша бағаның төмендеуі Ақтау, Қонаев, Жезқазған, Петропавл, Тараз, Қарағанды және Түркістан қалаларында байқалды. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі Ақтауда 0,7%-ға, Қонаевта 0,3%-ға, Жезқазған мен Петропавлда 0,2%-ға, ал Тараз, Қарағанды және Түркістанда 0,1%-ға төмендеді.
Қалған бірқатар қалаларда, оның ішінде Астана, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Павлодар және Семейде баға деңгейі өткен апта көрсеткіштерімен бірдей сақталды.
Республика бойынша қиярдың орташа бағасы бір келісі үшін 524 теңгені құрады. Ең төмен баға Тараз қаласында тіркеліп, 357 теңге болды. Ал тазартылған күріштің орташа бағасы 534 теңгені құрап, ең қолжетімді баға Қызылордада – 456 теңге, Алматыда – 478 теңге деңгейінде қалыптасты.
Ақ қауданды қырыққабаттың орташа бағасы 198 теңге болса, ең төмен көрсеткіш Түркістан қаласында тіркелді – 137 теңге. I санаттағы 10 дана жұмыртқаның орташа бағасы 561 теңгені құрап, ең арзан баға Қызылорда (464 теңге) және Орал (476 теңге) қалаларында байқалды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өзгерісі апта сайын бақыланады. Бағаларға мониторинг еліміздің барлық өңірлерінде жүргізіледі.