"ҚазМұнайГаз" компаниясы қиын өндірілетін қорларды игеруге тарту үшін инновациялық технологияларды енгізіп жатыр. Бұл туралы ҚМГ басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінгі таңда операциялық активтерде мұнайдың алынатын қалдық қоры шамамен 445 млн тоннаны құрайды және оның 50 пайыздан астамы қиын өндірілетін қорларға жатады. Осыған байланысты "ҚазМұнайГаз" қиын өндірілетін қорларды игеруге тарту үшін инновациялық технологияларды енгізуде. Негізгі бағыттардың бірі – полимерлік су айдау технологиясын ауқымды түрде қолдану. Тұтқырлығы жоғары мұнай кеніштерін игеру үшін бу мен суды кезектеп айдау технологиясы енгізіліп жатыр", – деді ол.
Оның сөзінше, заманауи бұрғылау технологиялары да қолданылып жатыр.
"Сағасы 45 градус көлбеу ұңғымалар бұрғылана басталды. Бұл қосымша 2,2 млн тонна өндірілетін қорларды игеруге мүмкіндік берді. Диаметрі шағын ұңғымалар Slim Hole технологиясы қолданылып бұрғыланды. Ол шығындарды 30 пайызға қысқартуға ықпал етті. "ҚазМұнайГаз" инновациялық технологияларды дамытуға бағытталған арнайы Технологиялық сын-қатерлер бағдарламасын іске асыруда", – деді спикер.
2025 жылы осы бағдарлама аясында қосымша 434 мың тонна мұнай өндірілді. Мұнай өндіруді 2040 жылға қарай қосымша 54 млн тоннаға арттыру жоспары ескі кен орындарының өмірін арттырады. Осылайша кен орны төңірегіндегі елді мекендердің әлеуметтік тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, халық жұмыспен қамтылады.
Бұдан бөлек қорлардың шамамен 90 пайызын құрайтын 12 негізгі кен орнында цифрлық сыңарлар енгізіле басталды. Цифрлық сыңарлар геологиялық-техникалық іс-шаралардың тиімділігін арттыруға, өндіріс көлемін жыл сайын 3%-ға дейін өсіріп отыруға мүмкіндік береді, деді Асхат Хасенов.