Осыдан тура төрт апта бұрын Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданындағы Майқайың алтын кен орнында оқыс оқиға орын алып, салдарынан екі құтқарушы қаза тапқан еді. Тағы екі құтқарушы мен шұңқырға құлап түскен автобус әлі табылған жоқ. Ал бұл уақытта марқұм болған құтқарушының отбасы осындай қиын-қыстау кезеңде жалғыз қалып, жоғарыдағылардан көмек ала алмай отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
4 қаңтар күні болған қайғылы жағдайдан соң мамандар автобуста болған Олег Тышкевич пен Сарқыт Берліқанның денесін тапқан еді. Сол тұста облыс басшылығы марқұмдардың отбасына 4,5 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Алайда Олег Тышкевичтің қызы Яна осы уақытқа дейін тек 2 млн теңге алғанын айтып, бейнежазба жариялады. Қазір психологиялық, моральдік әрі материалдық тұрғыдан қиындыққа тап болғанын да бүгіп қалмады.
"Менің әкем 27 жыл адал еңбек етіп, өз қызметін жоғары жауапкершілікпен атқарды. Осыдан бір жарым жыл бұрын анамыз о дүниелік болған кезде де ағам екеуімізге тірек болып, қолдап, қорғай білді. Кәсіпорын басшылығының немқұрайлығы салдарынан қаза тапты. Жауапты адамдар қайғылы хабарды жеткізуге де жарамады. Әкемнің өмірден өткенін біраз уақыттан соң көршілерімнен естідім", - дейді ол.
Жерлеу рәсімі өткен соң құтқарушының отбасы ешкімге керек болмай қалғанын айтты. Көмек көрсетіледі деп берілген телефон қоңыраулары да үнсіз көрінеді.
"Бізге 4,5 млн теңге көлемінде өтемақы беріледі деп айтылды. Бірақ осы күнге дейін біз тек "Майқайыңалтын" кәсіпорнынан 2 млн теңге алдық. Әкемнің жерлеу рәсіміне қажет қаржыны ағам екеуіміз өз қалтамыздан шығардық. Оған 1 млн теңгеге жуық қаржы кетті. Оған қоса, анамнан айырылғаннан кейінгі жайдай одан әрі қиындай түсіп, терапияға баруыма тура келді. Оның сеансы – 20 мың теңге. Бізге тегін психолог қарастырылған жоқ. Осындай қайғылы жағдайға байланысты қаңтар айында жұмыс істеген де жоқпын. Қазір ешкімге керек болмай қалдық", - дейді құтқарушының қызы.
Бұл жайтқа қатысты Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Ресми органның мәлімдеуінше, қаза тапқан құтқарушылардың отбасыларына 4,5 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді.
"Оның ішінде "Майқайыңалтын" АҚ 2 млн теңге төледі. Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы 500 АЕК немесе 1 млн 846 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетті, сондай-ақ жерлеу рәсімдеріне 100 АЕК немесе 369 200 теңге мөлшерінде төлем жасалды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жерлеуге 94 АЕК немесе 347 000 теңге мөлшерінде төлем қарастырылды", - деп мәлімдеді әкімдік.
Жергілікті билік бұл төлемдер денелері табылған 2 құтқарушының отбасына да берілгенін атап өтті. Осындай төлемдер жоғалған құтқарушыларды іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін, олардың денелері табылған жағдайда немесе қайтыс болды деп танылса, олардың отбасыларына да тағайындалады. Сонымен қатар, отбасыларға асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады. Яғни, отбасындағы кәмелеттік жасқа толмаған әр балаға ай сайын төлем аударылады.
"Отбасыларға берілетін көмек тек осы төлемдермен шектеліп қалмайды. Жергілікті атқарушы орган Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан қосымша сақтандыру төлемдері және "Майқайыңалтын" АҚ-нан ірі материалдық көмек көрсету туралы мәселені пысықтауда. Бұл төлемдер төленген сомадан бірнеше есе көп. Төлемдердің нақты сомалары іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін хабарланатын болады" - деп нақтылады Павлодар облысының әкімдігі.
Ал бұл уақытта мамандар екі құтқарушыны іздеу жұмыстарын әлі де жалғастыруда. Өкінішке қарай, арада төрт апта өтсе де әлі еш нәтиже жоқ.