Қиыннан қиыстырып, ұтымды ұсыныстар жасай алдық – Айдос Сарым

511

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның соңғы отырысы өтті.

Қиыннан қиыстырып, ұтымды ұсыныстар жасай алдық – Айдос Сарым Фото: Конституциялық сот

Мыңдаған ел азаматының белсенді қызметінің арқасында дүниеге жаңа Конституция жобасы келді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдос Сарым айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутат Конституциялық комиссия құрылғалы бері 12 отырыс өткенін еске салды. Оның айтуынша, отырыстардың бәрі ашық өтіп, барша республикаға трансляцияланды.  

"Оның сыртында сағаттап өткен, түнге қалған жұмыс секциялары мен редакциялық алқаның, үлкенді-кішілі жиналыстардың саны қаншама? Арасында ой мен сөз таластырып, кешенді мәселелер бойынша талай баянды дискуссияларды өткіздік. Алайда халық алдындағы тарихи миссиямызды терең түсініп, түйсінгендіктен, Президент құрылтайда айтқан идеяларды іске асыру мақсатында біз қажетті мәмілеге келе білдік. Қиыннан қиыстырып, ұтымды ұсыныстар жасай алдық. Сонымен қатар осы күндері ел болашағына шынайы алаңдаушылығын танытып, электронды платформалар арқылы ой бөліскен он мыңнан астам азаматқа, саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдеріне де зор алғысымды айтқым келеді. Көптеген ойлар, ұсыныстар жүзеге асты. Сөзбе-сөз болмаса да, Ата Заңға енді. Барша ұсыныс берген азаматтардың аты аталып, оларға Конституциялық Сот атынан немесе Конституциялық комиссия атынан ресми түрде алғыс айтылып, "алғыс хат" берілсе екен деген ұсыныс жасағым келеді", – деді депутат.

Айдос Сарым барлық азаматқа алғысын білдірді. 

"Ортақ жұмыс үшін залда отырған комиссия мүшелеріне, күні-түні қызметін аямаған және қажырлы еңбек еткен Конституциялық Сот, Мәжіліс пен Сенаттың, Президент Әкімшілігінің, Үкімет аппаратының, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, әкімдіктер мен мәслихаттардың, жоғары оқу орындарының, ғылыми институттардың жауапты қызметкерлеріне рахмет айтқым келеді. Нәтижесінде, мыңдаған ел азаматының белсенді қызметінің арқасында дүниеге жаңа Конституция жобасы келді", – деді ол.

Мәжілісмен жаңа Ата заң жобасы референдумға шығаруға дайын екенін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу