Бүгін Астанада ҚР ИДМ азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев пен ресейлік "Ангара" әуе компаниясының өкілі Андрей Паутовтың жаңа рейстер ашу мәселесіне арналған кездесуі болды, деп хабарлайды азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.
2018 жылдың сәуір айынан бастап ресейлік әуе компания алғаш рет АН-148 типіндегі әуе кемесімен Красноярск-Алматы бағытында әуе рейстерін бастауды, ал болашақта Иркутск-Астана, Иркутск-Алматы, Красноярск-Астана бағыттарын ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта "Ангара" әуе компаниясы Қазақстанға ұшуға арналған шетелдік тасымалдаушыны аккредитациялау рәсімінен өтуде.
"Ангара" әуе компаниясының өкілі Андрей Паутовтың пікірінше, бұл бағыт Иркутск облысы, Сібір және Қиыр Шығыс федеральдық округінде тұратын қазақ диаспорасының өкілдері мен Байкалға барғысы келетін туристер тарапынан сұранысқа ие болады.
"Ангара" әуе компаниясы - Шығыс Сібірдің негізгі әуе тасымалдаушыларының бірі. Ол Иркутск облысы, Сібір және Қиыр Шығыс федералдық округ бойынша тұрақты рейстерді және Ресей бойынша чартерлік рейстерді жүзеге асырады.
Азаматтық авиация комитеті Қазақстан мен Ресейдің ірі қалаларын байланыстыратын бағдарламаны белсенді жүзеге асырып, жергілікті әуежайлардың транзиттік әлеуетін дамытатынын атап өту қажет.