"КҚК" елімізде 157 миллион доллардың жобасын жүзеге асыруда

947

"Каспий Құбыр Концорциумы" құбыры арқылы мұнай тасымалдауды жылына 72,5 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар.

"КҚК" елімізде 157 миллион доллардың жобасын жүзеге асыруда

"Каспий Құбыр Консорциумы" АҚ елімізде 157 миллион доллардың инвестициялық жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы "КҚК" АҚ бас директоры Николай Горбань айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ол 2019 жылы компанияның акционерлері "осал" тұстарды жою бағдарламасын қабылдағанын жеткізді.

"2020 жылы оны іске асыру басталды. Мақсат – Қазақстандағы "Каспий Құбыр Концорциумы" құбыры арқылы мұнай тасымалдауды жылына 72,5 миллион тоннаға дейін жеткізу болып отыр. Бүгінде мұнай құбырының жобалық қуаты – жылына 67 миллион тонна", – деді бас директор орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бағдарлама аясында Қазақстандағы 3 магистралдық сорғы және "Теңіз" мұнай айдау станциясындағы арнайы серіппелі қауіпсіздік клапаны (СППК) торабын ауыстыру жоспарланып отыр. 

"Теңіз" мұнай айдау станциясында қосымша өлшеу желілерінің құрылысын, жаңа тіреуіш сорғы станциясының, ЧРП станциясының, 20 мың текше метр болатын 2 жаңа резервуарды және ілеспе құрылысты салу жоспарда бар. Сонымен қатар, онда жаңа қосалқы станция мен 2 электр жеткізу желісін салу керек. Бұл бас станцияны электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді Николай Горбань.

Бас директор жоба аясында "Атырау" мұнай айдау станциясында жаңа магистраль сорғысының агрегаты және ілеспе құрылыс салынатынын, ал "Исатай" және "Құрманғазы" мұнай айдау станцияларында магистраль сорғысы агрегатының роторы ауыстырылатынын атап өтті.

"Акционерлер бұл жобаларды іске асырамыз деп нақты шешімді қабылдады. Оған сәйкес Қазақстан аумағына 157 миллион доллар инвестиция бөлінді. Жоба 2021-2022 жылдары іске асырылады. Ал 2023 жылы ("ҚКҚ" - автор) құбырына қосымша мұнай көлемін қабылдауды жоспарлап отырмыз. Осылайша, әлемдік нарықтағы мұнай экспорты көлемін арттырамыз", - деп түйіндеді сөзін ол. 

Айта кетейік, "Каспий Құбыр Консорциумы" АҚ – ірі халықаралық мұнай айдау жүйесі. Ол Қазақстанның батысынан (негізінен Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан) Қара теңіздегі Новороссийск (Ресей) портына жақын орналасқан терминалдарға мұнайды жеткізу үшін салынған. Мұнай құбырының ұзындығы – 1500 шақырым.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу