КҚК-ның қуаты артады – Александр Новак

860

Ол аталған жоба Қазақстан мен Ресей арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізгенін атап өтті.

КҚК-ның қуаты артады – Александр Новак

Болашақта Каспий құбыр консорциумының (КҚК) мұнайды өткізу қуаты 800 млн тоннадан асады. Бұл туралы РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Александр Новак айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алдымен ол 25 жыл бұрын Қазақстан жерінде 1500 шақырымға созылған "Каспий- Новороссийск" мұнай құбырын салына бастағанын есіне алды.

"Бұл шынымен де Қазақстан мен Ресей үшін әлемнің алдыңғы қатарлы энергетикалық компанияларының қатысуымен жүзеге асырылған бірегей, қайталанбас жоба болды", - деді Каспий құбыр консорциумы қатысушыларының акционерлер келісімшартына қол қойылуының 25 жылдығына арналған мәжілісте.

Оның айтуынша, бүгінде аталған құбыр желісі арқылы ең қысқа жолмен Каспий мұнайын әлемдік нарыққа шығаруға болады.

"Каспий құбыр консорциумы жобасы 1990 жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  қолдауымен басталды. Құбырдың құрылысында жоғары технологиялық тетіктер табиғатты қорғау стандарты аясында қолданылды. Өткен жылдары мұнай құбырының өткізу қуаты артты, - деді Александр Новак.

Сондай-ақ ол КҚК Ресей үшін де маңызды жоба екенін атап өтті.

"Ол энергетика және көлік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба Қазақстан үшін ұлттық экономиканы дамытатын негізгі қозғаушы күштің біріне айналды. Әлемдік энергетикалық нарыққа шығуға жол ашқан тиімді экспорт бағытына айналды. Ширек ғасырда "Теңіз – Новороссийск" мұнай құбыры арқылы 750 млн тонна мұнай тасымалданды, - деді Ресей премьер-министрінің орынбасары.

Александр Новак Қазақстан және Ресей президенттерінің қолдауымен Каспий құбыр консорциумы ауқымды бағдарламаларды жүзеге асырып отырғанын жеткізді.

"Болашақта құбырдың қуаты 800 млн тоннадан асады. Бұл – әлемдегі көпжақты экономикалық ынтымақтастықтың көпірі. Энергетикалық компаниялар арасында консорциум қоршаған орта мен еңбек, өнеркәсіптік қауіпсіздікке ерекше көңіл бөледі, - деді басшы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу