Бұған дейін Қазақстан КҚК арқылы мұнай тасымалдаған азаматтық кемелерге жасалған шабуылдарды қатаң айыптаған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шабуыл туралы консорциумның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ақпаратқа сәйкес, 2026 жылдың 20 шілдесінде КҚК теңіз терминалындағы №1 қашықтағы тиеу құрылғысында (ВПУ-1) мұнай тиеп тұрған "NELSA" танкеріне ұшқышсыз ұшу аппараты соққы берген.
Дрон танкердің оң жақ бортындағы артқы бөлігіне, қондырма мен машина-қазандық бөлімінің арасына тиген. Салдарынан, бірнеше бөлімде өрт шыққан.
Өрт бірнеше сағат ішінде танкердің тиеу бригадасы мен КҚК-ның авариялық-құтқару қызметінің күшімен толық сөндірілді.
Халықаралық экипаждың 22 мүшесі КҚК буксирлері арқылы қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Кеме капитаны мен аға көмекшісі ғана танкерде қалған. Консорциум мәліметінше, танкер су бетінде қалқып тұр және бату қаупі жоқ.
Оқиғадан соң мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ, мұнайдың теңізге төгілуіне немесе резервуарларда өрт шығуына жол берілмегені хабарланды.
КҚК халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, консорциумға мүше мемлекеттерді аталған шабуылдарды айыптауға және Қазақстан аумағында халықаралық консорциумдар өндіретін көмірсутек шикізатын экспорттайтын инфрақұрылымға жасалып жатқан лаңкестік сипаттағы шабуылдарды тоқтату үшін нақты шаралар қабылдауға шақырды.