ҚҚС-ны төлеушілерге апта сайын автоматты хабарлама келетін болды

Қосылған құн салығын әкімшілендірудің пилоттық жобасы қолға алынып отыр. 

ҚҚС-ны төлеушілерге апта сайын автоматты хабарлама келетін болды Фото: gov.kz

Мұны Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Бүгінгі таңда ҚҚС-ты автоматты түрде есептеу және ҚҚС-тың баланстық сомасын есепке алу бойынша пилоттық жобаны әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жоба салық төлеушіні салық кезеңіндегі ҚҚС бойынша болжамды салықтық міндеттемелері туралы алдын ала хабардар ету мақсатында әзірленді және "e-Тамга" арнайы ақпараттық сервисін пайдалана отырып, ҚҚС-ны автоматты түрде есептеу және ҚҚС-ның баланстық сомасын есепке алу бойынша пилоттық жобаны жүргізу тәртібін айқындайды, – деп жазылған жауапта.

"e-Тамга" ақпарат сервисінің 2025 жылы іске қосылатыны өткен жылдан бері айтылған-ды. Электронды шот фактуралардың ақпарат жүйесіндегі мәліметтер, тауардың декларациясы, бюджетке төленген жанама салықтар мен алымдар туралы деректер осы "e-Тамга" сервисіне Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпарат жүйелері арқылы автоматты түрде түсіп отырмақ. 
Сервис өзіне түскен мәліметтер негізінде мемлекетке төленуге тиіс ҚҚС теңгерімін автоматты түрде есептейді. Жаңа мәліметтер түскен сайын ҚҚС теңгерімінің мөлшері де толықтырылады. 

Аталған есептерді "e-Тамга" операторы әр аптаның басында ҚҚС төлеушінің ұялы телефон нөміріне жаңартып жолдайды. ҚҚС төлеушілер "e-Тамга" операторымен қолдану келісімшартына отыруы керек. Бұл сервисті қосылған құн салығынан түскен ақшаны цифрландыратын құрал деуге әбден болады. Осы арқылы мемлекет қосылған құн салығының әрбір қозғалысын цифрлы ізі арқылы бақылауды қолға алмақ. 

Олжас Бектенов депутаттарға жауабында ҚҚС мөлшерлемесін 16% етіп, ондай салық алынатын айналымның мөлшерін 15 млн теңге етуден түсетін қосымша кіріс қандай мақсаттарға жұмсалатынын жазған. 

– Жұмыс барысында ҚҚС мөлшерлемесін арттырудың әртүрлі нұсқасы қаралғанын атап өткен жөн. Талқылау қорытындысы бойынша 16% базалық мөлшерлеме ұсынылады. Оны арттыру және саралау бюджеттің тұрақсыз мұнай кірістеріне тәуелділігін азайтуға, Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге және 4 басым мемлекеттік жобалардың қаржыландырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп сөзін түйіндеді Премьер-министр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу