Клубтың құрылысы орта жолдан тоқтап қалды

474

2022 жылы Мойылды ауылында мәдениет үйін салу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Оған бюджеттен 470 млн теңге бөлінді.

Клубтың құрылысы орта жолдан тоқтап қалды Фото: видеодан алынған кадр

Павлодар қаласына қарасты Мойылды ауылында салынып жатқан мәдениет үйінің құрылысы тоқтап қалғалы жылға айналды. Жарым жартылай салынған ғимарат елді мекеннің сәнін кетіріп тұр. Әуелде құрылысты бастаған компания, жұмыстарды жарты жолдан тоқтатуға мәжбүр болды. Өйткені, қазір осы нысанға қатысты сот процестері жүріп жатыр. 

2022 жылы Мойылды ауылында мәдениет үйін салу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Оған бюджеттен 470 млн теңге бөлінді. Лотты ұтқан павлодарлық компания былтыр ақпан айында қадасын қағып, құрылысты бастады. Алайда, жұмыстар 40 пайызға орындалған кезде тоқтатуға тура келді. Өйткені, тендерге қатысқан бәсекелес фирма сотқа берген.   

"Былтыр иә, біз қаңтар айында шарт жасалды ақпан айында бастады жұмыстарды. Наурыз айында жаңағы сол "Балхашский казмеханомонтаж" фирмасы біздің мемлекеттік сатып алу қорытындыларымен келіспей сотқа шағым жүргізді. Сол кезде біз сот шешімімен жұмыстарды тоқтатып қойдық", - деді Қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Битөре Әбдіхалықов.

Мойылды ауылы облыс орталығына қарайтындықтан күннен күнге кеңейіп, көркейіп келеді. Халқының саны 1700-ден асты. Тұрғындар мәдениет үйіне зар. Іргетасы қаланғанда жұртты қуантқан құрылыс, енді күдікке айналып барады.

Жарым жартылай салынған клубтың құрылысы тоқтап қалғалы 10 айдың жүзі болды. Тендерге таласқандар бір бірімен соттасып жатыр. Ал, нысан әдеттегі сақалды құрылыстардың бірі болып қалмасына кім кепіл!

Мәдениет үйін салу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысқан екінші компания, тапсырыс беруші тараппен соттасып жатыр. Олар, тендердің шынайы өткеніне күмәнданады. Қарағандылық фирма екі бірдей сотта жеңіпті. 

"Осы екі мердігер дәл қазіргі күні әлі бір бірімен соттасып жатыр. Сұрақ бүгінгі күні ашық тұр. Егер сот екінші мердігердің жұмысы дұрыс деп таныған болатын болса онда заң талаптарына сәйкес құрылысты тағы қайта бастайтын шығар", - деп түсіндірді Медет Тауасқан Қалалық мәдениет басқармасының басшысы.

Құрылысты бастаған компанияға 30 пайыздық алдын ала төлем жасалған. Қалған қаражат игерілмеген қаржы ретінде бюджетте жатыр. Ал, тараптардың тартысы енді Жоғары сотта қаралатын болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу