Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысында онлайн-казинолардың қаржылық операцияларына қызмет көрсеткен трансшекаралық дропперлік желіні анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚМА мәліметінше, заңсыз криптовалюта операцияларын жүргізу үшін Алматы қаласының үш тұрғыны дропперлер желісін ұйымдастырған.
Олар делдалдар арқылы Қырғызстан азаматтарын, негізінен студенттер мен қаржылық қиындықтарға тап болған жастарды тартқан. Күдіктілер шетел азаматтарының Қазақстанға келу жолақысын, тұратын жері мен тамағын төлеп, ұялы телефондар және SIM-карталармен қамтамасыз еткен.
Ал шетел азаматтары ақшалай сыйақы үшін өздерінің банк шоттарына қол жеткізу құқығын берген. Кейін олар еліне қайтып отырған.
Алынған банк шоттары лицензиясыз USDT криптовалютасын сатып алу және сату үшін пайдаланылған. Сонымен қатар күдіктілер "SkyPhoenix" халықаралық төлем платформасы арқылы "Pinco", "Pinup", "Nomad Games", "Sultan Games" және басқа да онлайн-казинолардың қаржылық операцияларына қызмет көрсеткен.
Олар түскен қаражаттың 4 пайызы көлемінде сыйақы алып отырған. Күдіктілер ойыншылардан төлем қабылдап, ұтыстарды төлеуді және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың табысын криптовалютаға айырбастап, шығарып беруді қамтамасыз еткен.
Дропперлік шоттар арқылы өткен қаражаттың жалпы сомасы 3,6 млрд теңгеден асқан.
Екі күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сот санкциясымен үш автокөлік пен жер учаскесіне тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.