ҚМДБ қонақасы өткізбеуге үндеді

936

Жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмауға шақырды.

ҚМДБ қонақасы өткізбеуге үндеді

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров адам өміріне қауіп төнбеу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен талаптарды сақтауға шақырды. 

"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы індеттен қайтыс болған мәйітті дәрігердің нұсқаулығына сай жууға, жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмауға, жиында қол алысып амандаспауға, намаздың сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтауға, қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтаруға үндейді. Бұған қоса жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар және жас балалар жаназа намаздарына қатыспауға рұқсат етіледі. Ал ең негізгісі қонақасы өткізбеуге, жаназадан кейінгі асты өткізбеуге немесе отбасы мүшелерімен шектелуге шақырамыз", – деді Ершат Оңғаров. 

Бұл ретте ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы халқымыздың салтында бар көптеген рәсімдерді өткізу тәртібін қауіпті індетке байланысты шектеу керектігін ескертті. 

"Қазақтың салтында тойға бару, адам өмірден өткенде топырақ салу деген бар. Адамның өмірі болғаннан кейін өлім де болады. Ондай жағдайды жақындарымызбен атқарып, дұғада болайық. Елдің амандығы үшін көпшілік жиналатын шаралар ұйымдастырмау сында Үкіметтің қойған талаптарына бағынайық", – деген ол хәкім Абай өмірінен мысал келтірді. 

"Абай атамыз Семей қаласына барғанда халық арасында осындай індеттің таралып жатқанын естіп, адам өмірін сақтап қалу үшін жиындарда халықтың аз болуы керектігін айтқан еді. Сол сәтте ол Сары молданы шақырып алып, халықты осыған үндеуге шақырды. Молда халықтан жиындарда адамның аз жиналуын, жетісі, қырқы сынды жиындарды өткізбеуді талап етті. Қазіргі заманда да осы жиындарды тоқтату тұру керек", – деді Бас мүфти. 

Құралай Құдайберген
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу