ҚМГ мен Sinopec бірлескен жобаларды іске асыру барысын талқылады

448

Sinopec – БҚО-да орналасқан "Березовский" барлау жобасы бойынша ҚМГ-ның стратегиялық серіктесі.   

ҚМГ мен Sinopec бірлескен жобаларды іске асыру барысын талқылады Фото: kmg.kz

Жоба 50/50 бойынша жүзеге асырылуда, бұл ретте барлау кезеңін Қытай компаниясы қаржыландырып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Бейжіңге (ҚХР) жұмыс сапары кезінде Sinopec Group Директорлар кеңесінің төрағасы Хоу Цицзюньмен кездесу өткізді.

Жұмыс жоспарына сәйкес жыл соңына дейін 900 бойлық шақырым көлемінде 2D сейсмикалық барлау іс-шаралары басталады деп көзделген. Минималды жұмыс бағдарламасы аясында 2D сейсмикалық барлаудан кейін 300 шаршы шақырым көлемінде 3D сейсмикалық барлау жұмыстары жоспарланып отыр. Мақсаты – 7000 метр болатын күрделі әрі өте терең ұңғыманы бұрғылау алдында жан-жақты зерттеу жүргізу мен жоспарлау.

Сонымен қатар Sinopec компаниясы ҚМГ-ның басқа да геологиялық барлау жобалары бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.

Бұдан бөлек, қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысының жобасын іске асыру барысы қаралды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары екі негізгі технологиялық қондырғы – пиролиз және полимерлеу алаңдарында жүріп жатыр. Жуырда ірі габаритті жабдықтың алғашқы легі жеткізілді. Жобаның жалпы ілгерілеу көрсеткіші 34% асады. Барлық жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде.

Тараптар "Қазақойл Ақтөбе" бірлескен өндіруші кәсіпорынның қызметіне де тоқталды. Компанияның мұнай өндіруді ұлғайту жөніндегі стратегиясы аясында 2028 жылға қарай өндіру көлемін 500 мың тоннадан 800 мың тоннаға дейін арттыру міндеті қойылды. Осыған байланысты жаңа вертикалды, еңіс және көлбеу ұңғымаларды бұрғылауды қоса алғанда, заманауи геологиялық-техникалық шешімдерді енгізу жоспарланып отыр.

Көмірқышқыл газын тұту, пайдалану және сақтау технологиялары (CCUS) саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері де талқыланды. ҚМГ Sinopec тәжірибесін пайдалана отырып, тиісті жобаларды іске асыру үшін бірлескен жұмыс тобын құруға мүдделі екенін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу