Ақмола облысы әкімдігінде Президент тапсырмасына сәйкес, суының ерекше қызғылт түсімен танымал Көбейтұз көліне ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі берілетінін айтты.
"Осы мақсатта "Бұйратау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы кеңейтіліп, оның құрамына Көбейтұз көлінің акваториясы енгізіледі. Бұл көлдің бірегей экожүйесін тиімді қорғауға мүмкіндік береді", – деді әкімдікте.
Әкімдік мәліметінше, елордадан 160 шақырым жерде орналасқан Көбейтұз жыл сайын мыңдаған туристі қабылдайды. Келушілер санының артуына байланысты жағалау аумағын абаттандыру жоспарланған.
"Көл маңында бақылау алаңы мен автотұрақ салынып, тұрғындар мен туристердің табиғи құбылысты қауіпсіз тамашалауына жағдай жасалады. Бұл ретте көлдің нәзік экожүйесіне зиян келтірмеу басты назарда болады", – деді әкімдік өкілдері.
Сонымен қатар ведомство көл суына жүргізілген зерттеу нәтижесінде бірқатар химиялық заттардың мөлшері шекті рұқсат етілген деңгейден асып кеткенін хабарлады.
"Осыған байланысты Көбейтұз көлінде шомылуға және оның жағалауынан тұз жинауға қатаң тыйым салынады", – деді Ақмола облысы әкімдігінде.
Сондай-ақ абаттандыру жұмыстары аяқталғанға дейін көлге кіру уақытша шектелетінін айтты.
"Жағалау сызығына жақындауға рұқсат берілмейді. Көлге кіреберістерде тәулік бойы бақылау бекеттері қойылып, аумақты полиция қызметкерлері мен уәкілетті органдар бірлесіп патрульдейді", – деді әкімдік өкілдері.