"Қобыланды батыр" жырын республика бойынша 50 мың оқушыға жаттату көзделіп отыр. Тарихи сәтті тіркеу үшін Гиннес рекордтар кітабына өтінім беру жоспарлануда, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
"Тәрбие және білім" кіші бағдарламасы аясында Qazaq Epos республикалық ағарту жобасымен "Тұлпар мініп, ту алған!" байқауын өткізу жоспарланған болатын. Негізгі бағыт – тарихи эпостарды жаттау.
"Байқау ережесіне сәйкес бірінші аудандық, қалалық кезеңге 324 негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарынан 2030 оқушы және 353 мұғалім қатысқалы отыр. Жобаның аясында 107 беттен тұратын "Қобыланды батыр" жырын республика бойынша 50 000 оқушыға толық жаттату көзделуде. Нәтижесінде қол жеткізілген көрсеткішті тарихи белгілеу үшін Гиннес рекордтар кітабына өтінім беру жоспарлануда. Дегенмен қазіргі таңда аталмыш байқаудың өз дәрежесінде ұйымдастырылуы үшін қажетті қаржы мәселесі шешімін таппай отыр. Қолдау сұралды", – деп хабарлады "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жобалық кеңсесі.