Қоғам санасындағы түсініктер өзгермей, ауқымды реформалар нәтиже бермейді

257

Ерлан Қарин кейбір маңызды сәтте рушылдықтың да қылаң беретінін атап өтті. 

Қоғам санасындағы түсініктер өзгермей, ауқымды реформалар нәтиже бермейді Фото: akorda.kz

Бұл туралы ол "Egemen Qazaqstan" газетінде жарияланған мақаласында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қоғам санасындағы және жұрттың мінез-құлқындағы әбден ескірген қасаң түсініктер мен ұғымдар келмеске кетпесе, саясат пен экономикадағы ауқымды реформалар еш нәтиже бермейді. Мысалы, 2022 жылы қоғам өкілдерінің ұсынысымен Мәжіліс және мәслихат депутаттарын аралас сайлау жүйесі енгізілді. Өкінішке қарай, іс жүзінде бір мандатты округтердің кейбіреуінде оң үрдіспен қатар жағымсыз жайттар да болды. Ашығын айтсақ, бірқатар округте бағдарламалар мен идеяларға негізделген еркін бәсеке түріндегі саяси күреске куә бола алмадық. Онда алдымен рушылдыққа жол берілді. Тіпті кейбір жерде қылмыстық топтар билікке енуге де әрекет жасады. Жаңа саяси мәдениет қалыптастырмай, жасампаз құндылықтар негізінде қоғамдық этиканы жаңартпай, әділетті қоғам құру мүмкін емес екені айдан анық", - деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ, Мемлекеттік кеңесші Президенттің Атырауда жалпыұлттық құндылықтарды нақты айқындап бергенін айтты.

"Мемлекет басшысы жалпыұлттық құндылықтарды бір тұжырымдамаға біріктіріп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін идеологиялық бағыт-бағдарымыздың бірыңғай жүйесін жасады. Сондықтан осы идеологиялық-гуманитарлық тұғырнама ішкі саясаттағы білім мен тәрбие беру, мәдени-ағарту жұмыстарының басты бағытына айналуы керек. Ұлттық құрылтайдағы бастамаларды жүзеге асыру үшін 40 тармақтан тұратын кешенді жоспар бекітілді. Осы құжаттың аясында жыл соңына дейін 9 заң қабылдау жоспарланған. Қазірдің өзінде оның үшеуін Парламент мақұлдап, Президент қол қойды", - деді Мемлекеттік кеңесші.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу