Қоғам "судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды" деген қасаң пікірден арыла бастады – Мемлекет басшысы

Президенттің сөзінше, еліміздегі сот тәжірибесі үшін де бетбұрыс кезеңі басталған.   

Қоғам "судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды" деген қасаң пікірден арыла бастады – Мемлекет басшысы Фото: Ақорда

Сондай-ақ, әкімшілік әділет жүйесі іске қосылған соң жағдай түбегейлі өзгергенін айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Ашығын айтуымыз керек, бұған дейін азаматтар үшін мемлекеттік органдардың шешімдеріне және әрекеттеріне шағымдану, яғни, өз құқығын қорғау оңай болмайтын. 

Ең бастысы, күмән тудыратын мәселелердің бәрі әділетті түрде адал азаматтардың пайдасына шешілетін болды. Ал соттар дәлелдеме жинау жұмысына ерекше мән бере бастады. Бұл – мемлекеттік органдар өздерінің шешімдерін және әрекеттерін заң жүзінде дәлелдеуге міндетті деген сөз.

Статистикаға қарайтын болсақ, соңғы жылдары сот шешімдерінің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің мүддесіне сай шығарылған. Бұл да әкімшілік әділет жүйесінің нақты нәтижесі екені сөзсіз. Осылайша, қоғамымыз "судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды" деген қасаң пікірден арыла бастады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президенттің пікірінше, әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесі мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын айқындайтын сынақ болған. Оның нәтижесі сотқа деген сенімнің арта түскенін көрсетіп отыр. 

– Әкімшілік әділет рөлі нығайып келеді. Кейбір азаматтар соттардың шешіміне наразылықтарын білдіріп, өз үміттері ақталмағандарын алға тартады. Бұл бұған дейін де болған, қазір де кездеседі. Мұндай шағымдардың көбі өкпе-ренішке немесе біржақты пікірге құрылады. Бірақ қандай жағдай болса да мұндай пікірлерді тексеріп, әділ шешім қабылдау керек.

Сондықтан, жаңа Конституцияда әкімшілік сот төрелігін сот ісін жүргізудің дербес нысаны ретінде бекітудің маңызы зор.

Күн тәртібінде сотқа шағымданудың қасаң моделін сот ісін жүргізу тәуекелдерін стратегиялық басқаруға ауыстыру қарастырылып отыр. Үкімет қазірдің өзінде тиісті ережелерді әзірледі.

Енді орталық және жергілікті деңгейде әкімшілік актілер мен рәсімдердің бірізділігін қамтамасыз ету қажет. Бұрын келіп түскен шағымдар мен өтініштерде қаралған мәселелер қайтадан соттағы дау-дамай нысанасы болмауы керек. Әкімшілік тәжірибенің жүйелілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев жария құқықтық сипаттағы дау-дамайды әкімшілік сот төрелігі деңгейіне беру бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын да сөз етті. Мысалы, былтыр бұл қосымша құқықтық-нормативтік актілердің заңдылығын қарайтын істерді қамтыған. Бұған дейін мұндай дау-дамайға қатысты шешім азаматтық іс жүргізу нормаларына сәйкес қабылданып келген еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу