Қоғам жақсы мен жаман туралы деструктивті түсініктердің жетегіне ермеуге тиіс – Президент

Мемлекет басшысы құқықтық нигилизмге жол жоқ екенін шегелеп айтты.  

Қоғам жақсы мен жаман туралы деструктивті түсініктердің жетегіне ермеуге тиіс – Президент Фото: akorda.kz

Сондай-ақ, ғалымдардың жастар арасында жауапкершілік пен тәртіп қағидаттарын дәріптеуі қажет екенін жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Осы күрделі үдерісте ғалымдар ерекше рөл атқарады. Өйткені олар өркениет құндылықтарын дәріптеп, санаткерлік және моральдық қасиеттерімен көпке үлгі көрсетеді.

Нағыз ғалымдар ескілік пен қараңғылыққа қарсы күрестің алғы шебінен табылып, ағартушылық пен білім жолында әрдайым топ бастаған.

Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби дөп басып айтқандай, "Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы". Сондықтан гуманизм, әділдік, жауапкершілік құндылықтары салтанат құрып, өскелең ұрпақты адамгершілікке және заңды құрметтеуге тәрбиелегенде ғана шынайы өркендеуге бет аламыз.

Біздің қоғам жақсы мен жаман туралы деструктивті түсініктердің жетегіне ермеуге тиіс, төл болмысымызға жат дүниетанымға көзсіз сенбеуі қажет. Оның салдары ауыр болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент "Қазақстанда заң мен тәртіп үстемдік құруы керек" деген пікірін кезекті рет еске салды.

– Ынтымақ-бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың іргесін шайқап, әлеуметтік және ұлтаралық алауыздықты қоздырғысы келетіндердің әрекетіне заң жүзінде қатаң тосқауыл қойылады. Конституцияда жазылғандай, елімізде заң мен тәртіп үстемдік құруы керек.

Ғалымдарымыз үнсіз қалмай, қоғамда, әсіресе, жастар арасында жауапкершілік пен тәртіп қағидаттарын дәріптеуі қажет деп санаймын.

Құқықтық нигилизмге жол жоқ. Біздің таңдауымыз – заңға бағынатын парасатты қоғам, – деп сөзін қорытындылады Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу