Қоғам зорлық-зомбылық пен дөрекілікке төзбеуі тиіс – Аида Балаева

1252

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы жағдайға байланысты үндеу жасады.

Қоғам зорлық-зомбылық пен дөрекілікке төзбеуі тиіс – Аида Балаева Фото: Ашық дереккөз

2023 жылдың 1 шілдесінен бері жауапқа тартылған агрессорлар саны екі есеге көбейген. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желі арқылы жолдаған үндеуінде айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

"Құрметті достар! Өздеріңіз білесіздер, ел президенті "біздің қоғамда ең басты идеология – заң мен тәртіптің үстемдігі" деген болатын. Бұл – бірінші кезекте қоғамның қарым-қатынасы ғана емес, тұрмыстық мәселелерге де қатысты айтылған қағида. Әсіресе, қазір біз үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері алдыңғы орында тұр", - деді А. Балаева.

Оның айтуынша, қылмыстар үшін жауапкершілік 2023 жылдың 1 шілдесінен едәуір күшейтілген. Содан бері жауапқа тартылған агрессорлар саны екі есеге көбейген. Дәлірек айтқанда осы жылдың екінші тоқсанында 7 000 адам жауапқа тартылса, үшінші тоқсанда олардың саны 27 000 адамға жеткен. Одан басқа тағы 60 000 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты 70 мың ескерту жасалды. Құқық бұзушылардың мінез-құлқын түзету үшін сот арқылы 12 мың талап қойылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 10 айда отбасылық тұрмыстық құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеу 20 пайызға, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылықтар 4,2 пайызға, ауыр қылмыстар 12 пайызға төмендеді.

Министр өз сөзінде өкінішке қарай соңғы жағдайлар бұл мәселенің әлі де күн тәртібінен түспегенін және өзекті екенін атап өтті.

"Басты себеп – заңды азаматтардың құқығын құрметтемеу. Осыдан туындайтын сананың бұзылуы жалпы құқықтық нигелизм қазіргі қоғамға тән екенін көрсетіп отыр. Біз ата-ана ретінде балаларымызға үйде болсын, сыртта болсын, келеңсіз құбылыстармен күресу мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Қоғам заңбұзушылыққа, зорлық-зомбылық пен дөрекілікке төзбеуге тиіс. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, бұзақылықтан, дөрекіліктен және вандализмнен бас тарту атмосферасын қалыптастыруымыз маңызды", – деді министр.

Сонымен қатар, министр барша адам баласына деген құрметті, ер азаматтың әйел мен қыздарға деген сыйластығын бала кезден бойына сіңіру қажеттігіне назар аударды. Өзіміз бен айналамыздағы адамдардың тағдыры мен өмірі бізге байланысты екенін әрқашан есте ұстауымыз керек.

"Дәл қазір президент жанындағы әйелдер және отбасы саясаты жөніндегі ұлттық комиссия тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудің кешенді жоспарын әзірлеуге кірісті. Сондықтан сарапшылар мен азаматтық сектор өкілдерін белсенді болуға, тиісті ұсыныстарды жолдауға шақырамын. Мемлекет басшысы әрдайым қоғамдағы әділеттілік заңдылықты нығайту жолында азаматтардың бірлігіне байланысты екенін айтады. Сондықтан әділ Қазақстан заң мен тәртіп орнаған елде ғана болады", – деді Аида Балаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу