Бұл туралы депутат, Президент жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі өкілі Кенжеғұл Сейтжан айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өз кезегінде "Қазақстан Халық партиясы" фракциясының мүшесі бізге атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасымен бөлісті.
– Ерекше қажеттілігі бар азаматтар, яғни мүгедектігі бар азаматтарға көп жағдай жасалып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, 2023 жылы Әлеуметтік кодекс қабылданды, оның ішінде біраз нәрселер бар. Одан кейін мүгедек азаматтарға арналған конвенцияның хаттамасы ратификацияланды. 2023 жылы Президенттің қолдауымен конституциялық өзгертуге байланысты Мәжіліске ерекше қажеттілігі бар жандардың мәселесін білетін, онымен терең айналысатын азаматтар келді. Біз сол Мәжілісте инклюзивтік парламент тобын құрдық. Одан кейін әрқайсымыз, әр партияның мүшелері, фракциясының немесе өзінің атынан депутат ретінде 2023 жылдан бері осы 2026-ға дейін көптеген заңға өзгеріс енгізу арқылы мүгедектігі бар азаматтардың жағдайын жақсартуға тырысып жатыр. Әлі де көп жұмыс істеледі.
Әрине, бәрі 100 пайыз орындалып жатқан жоқ. Біріншіден, ол – қаржының мәселесі. Екіншіден, заң дегенімізбен, жергілікті жердегі біздің әріптестеріміздің, мемлекеттік қызметкерлердің орта буыны, орта буыннан төмені мүгедектігі бар азаматтардың жағдайын түсіне бермейді. Бізде 90 000-нан аса мемлекеттік қызметкер бар. Солардың барлығы бірдей түсінеді дей алмаймыз. Осыған байланысты ақпараттық жұмысқа біз жете мән беріп отырмыз, – деді Кенжеғұл Сейтжан.
Осы орайда біз "Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы" ҚБ төрағасы Сағатбек Қуанышбайұлының да пікірін білген едік.
– Қызылорда облысында ерекше қажеттілігі бар тұлғаларды қолдау бағытында соңғы жылдары айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектер мен жәрдемақылар олардың өмір сапасын жақсартуға оң әсер етуде. Сонымен қатар, инклюзивті білім беру жүйесі дамып, балалардың қоғаммен бірге білім алуына мүмкіндік берілуде. Арнайы оңалту орталықтары мен медициналық қызметтердің қолжетімділігі де артып келеді. Бұл өз кезегінде ерекше қажеттілігі бар жандардың денсаулығын нығайтуға септігін тигізеді.
Қоғамда мүгедектігі бар азаматтарға деген көзқарас біртіндеп өзгеріп, түсіністік пен қолдау күшейіп келеді. Жұмыспен қамту шаралары арқылы олардың еңбекке араласуына жол ашылуда. Әртүрлі қоғамдық жобалар мен бағдарламалар олардың белсенді өмір сүруіне ықпал етеді. Нәтижесінде, ерекше қажеттілігі бар тұлғалардың қоғамға бейімделуі жақсарып, өзін еркін сезіну деңгейі артып отыр. Жалпы алғанда, Қызылорда облысында бұл бағыттағы жұмыстар оң нәтиже беріп, болашақта одан әрі дамитынына сенім мол, – деді ол.
Халық қалаулысы Кенжеғұл Сейтжанның сөзінше, мінберлерде мүгедектердің мұң-мұқтажы аз көтеріліп жатқан жоқ.
– Мүгедектердің жайын жоғары мінберде айту үшін, жағдайды жеткізу үшін 2024 жылы Президент жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі өкілі ретінде мені сайлады. Сондықтан, мен осы екі жылдың аясында біраз мәселені өкіл ретінде көтердім. Бұл да бір мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қазіргі қоғамдағы құқықтық жағдайын жасау, әлеуметтік өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың бірі деп есептеймін.
Мәжіліске, басқа да мемлекеттік қызметке, өкілетті органдарға ерекше қажеттігі бар азаматтардың келгені қуантады. Бұның барлығы оң нәтижелердің, өзгерістердің бар екенін білдіреді. Бұл – Үкіметтің жоғары деңгейдегі сенімі. Сапа да өзгеріп жатыр, мысалы, спортта да, әлеуметтік қорғау саласында да жақсы өзгерістер бар.
Әрине, барлығы болмаса да, оң нәтижесі көп, оны жоққа шығара алмаймыз. Бұрынғыға қарағанда да қазір журналистер де инклюзивтік қоғам туралы көбірек айтады, жазады, – деп сөзін қорытындылады ол.