Қоғамдық бақылауды күшейтуде үкіметтік емес ұйымдар тартылады

948

Мемлекет басшысы Үкіметке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі берген ұсыныстарды бір айда жан-жақты пысықтауды тапсырды. 

Қоғамдық бақылауды күшейтуде үкіметтік емес ұйымдар тартылады

Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте қоғамдық бақылау туралы сөз қозғады. 

"Мемлекеттік органдар қанша тырысса да, қоғамның қолдауынсыз табысқа қол жеткізе алмайды. Азаматтарда парасаттылық идеологиясы қалыптасуы керек. Қазіргі кезде бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Академиялық адалдық лигасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған еріктілер клубы, адалдық дүңгіршегі және өз-өзіне қызмет көрсету кассасы – мұндай жобалар туралы ақпараттарды кеңінен жариялау қажет. Бұған қоса, жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттің барлық алаңында қоғамдық бақылауды күшейту керек. "Адал көмек" тұғырнамасын жасау нәтижесінде әлеуметтік осал топтағы 11 мыңнан аса азамат танымал қорғаушылардан тегін кеңес алды", – деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар Президент қоғамдық бақылауды күшейтуде үкіметтік емес ұйымдарды тарту туралы ойын ортаға салды. 

"Жолдың сапасына байланысты да жұртшылықтың алаңдаушылығы жоғары. Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясы маған су шаруашылығы саласында айтарлықтай түйткілдер бар екенін хабарлады. Міне, осы мәселелер бойынша қоғамдық бақылау тетігі жұмыс жасауға тиіс. Бұл шараға үкіметтік емес ұйымдарды тартқан жөн. Оларды нормативтік-құқықтық актілерді сараптау ісіне қатыстыру керек", – деген Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі берген ұсыныстарды бір айда қарастыруды тапсырды.  

"Үкіметке қағазбастылық пен бюрократияға салынбай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі берген ұсыныстарды бір ай мерзімде жан-жақты пысықтауды тапсырамын. Соның нәтижесі бойынша нақты шаралар кешені жасалуға тиіс. Негізгі мақсат – жемқорлықтың тамырына балта шабу, оны түбегейлі жою. Бұл жұмысты еш созбалаңға салмай, қарқынды түрде жүргізу қажет. Президент Әкімшілігі қолға алынған барлық шараларды қатаң бақылауға алып, нәтижесін маған үнемі хабарлап отыруы керек", – деп түйіндеді Президент. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу