Облыс орталығына қатынайтын автобустар ескі, әрі жолаушылар сыймайды. Одан бөлек аралық қатынау уақыты да тұрғындардың әбден жүйкесін тоздырған. Аптап ыстықта 1 сағат күтуге мәжбүр. Аудан аралық автопарк қашан жаңарады?
Сайын Шапағатов ауылы облыс орталығынан небәрі 20 шақырымда орналасқан. Көпшілік қалаға жету үшін сағаттап автобус күтеді.
Қоғамдық көліктің жетіспеушілігі жылдар бойы көтеріліп келе жатқан мәселе. Алайда, билік өкілдері мұны шешуге асығар емес. Енді, ауыл тұрғындары автобуспен қатар аялдамаларды жаңартуды сұрайды. Өйткені, аялдамалар қоқысқа толы, қабырғалары жарылып, төбесі опырылған.
Аптап ыстықта қолқаны қапқан жағымсыз иіске тұншығып, автобус күтуден басқа амал жоқ. Бұл да тұрғындарды әбден титықтатып болған. Ал ауыл әкімдігі мәселеден хабардар болса да, шешуге қауқарсыз. Өйткені, облыстық маңызы бар жол мен оның жиегіндегі нысандар орталық басқармаға қарайды. Мамандар автопаркты жаңарту үшін биыл 1 млрд-тан аса қаражат бөлген. Алайда, Сайын ауылы бұл жақсы жаңалықтан қағылған.
Жаңа автобустар енді метанмен жүретін болады. Алайда, Сайын ауылының мәселесі келер жылдың жоспарында тұр. Ал аялдаманы жаңарту үшін аудандық кәсіпкерлерден ұсыныс қажет. Бірнеше рет хабарлама жіберілгенмен, әзірге ниетті азаматтар анықталмады.