Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жалақысы өзгеріссіз қалады

1256

Олардың денсаулығы да қатаң бақылауға алынды.   

Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жалақысы өзгеріссіз қалады

Карантин кезінде жүргізушілердің жалақысы өзгеріссіз қалады. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз орталығында өткен онлайн брифинг барысында қалалық Мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев мәлімдеді.

Сонымен қатар ол жұмыс басталар алдында жолаушыларға қызмет көрсететін әрбір жүргізушінің дене қызуы мен жалпы жағдайы тексерілетінін айтты.

"Егер қызметкер өз денсаулығына шағымданса, онда коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау үшін міндетті түрде жедел жәрдем шақырылады. Барлық қызметкерлер бетперде және қолғаптармен толық қамтамасыз етілген. Осы орайда мен қоғамдық көлікті пайдаланатын барлық жолаушыларға үйге келген кезде қолдарын мұқият жуып, барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамын", – деді Сағындық Телібаев.

Бұдан бөлек басқарма басшысы қалада жолаушылар саны азайғанына қарамастан метрополитен жұмыс істеп тұрғанын айтты.

"Метрополитендегі жолаушылар ағыны да 90%-ға төмендеді. Соған қарамастан, метрода күн сайын штаттық режимде 4 жылжымалы құрам жұмыс істеп жатыр. Соңғы деполарда вагондарға дезинфекция жүргізіледі. Стансалар әрбір 2 сағат сайын, вагондар әрбір рейс сайын дезинфекцияланады", – деді Сағындық Телібаев.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу