Қоғамдық көлікте тегін жүргісі келетін "қояндардың" портреті жасалды

1539

Ереже бойынша жолаушылар кірген бойда жолақысын төлеуге тиіс.

Қоғамдық көлікте тегін жүргісі келетін "қояндардың" портреті жасалды

Алматыда "Оңай" төлем жүйесі енгізілгеннен бері автобус маршруттарынан кондукторлар азайды. Бүгінде жол ақысын төлеу немесе төлемеу жолаушының ар-ұятына байланысты, деп жазады ҚазАқпарат.

Ерікті төлем жүйесі қоғамдық дүниені тегін пайдаланып қалғысы келетін "қояндар" үшін жақсы болды. Кей адамдардың картасында шынымен ақша бітіп қалса, кей адамдар қақпақсыз қалған қазаннан қарпып қалып жүр.

Жолаушылар тасымалы қызметі бүгінде "қояндардың" портретін жасап алған.

"Greenbus" ЖШС басшысы Бауыржан Кулишев автобустарда тегін жүретін адамдардың қандай болатынын суреттеп берді.

"Көп жағдайда бұл адамдар  контролер автобусқа кіріп, жолақысын көрсетіңіздер дегенде барып қозғала бастайды. Негізінде ереже бойынша жолаушылар кірген бойда жолақысын төлеуге тиіс. Сондай-ақ, көпшілігі билетсіз жүргенін мойындай қоймайды. Олар автобуста адам көп болды немесе кондукторды күтпей ұйықтап қалдық деген сылтау айтады", - деді Бауыржан Кулишев.

Кәсіпорын басшысы "қоян" жолаушылардың көбінесе таңғы сағат 07.00 - 09.00 немесе кешкі сағат 17.00 - 19.00 арасында Қалқаман, Абай-Байтұрсынов, Абай-Назарбаев, Абай-Алтынсарин, Төле би-Момышұлы, Сайран, Төлеби-Сейфуллин, Саяхат, Тимирязев-Байзақов, Сүйінбай көшелеріндегі аялдамаларда, Солтүстік айналма жолы шоссесінде жиі кездесетінін айтты.

"Көбінесе 17-25 жас аралығындағы жастар тегін жүргенді жақсы көреді. Олар сонымен қатар, жеке басқа арналған карталарды да пайдаланады. 1 маусымнан бастап  билетсіз қоғамдық көлікпен жүрген 544 жолаушы ұсталды. Сондай-ақ, 63 жолаушы бөгде біреудің атаулы картасын пайдаланып келгені анықталды.  Оның ішінде шетел азаматтары да бар. Бұл карталарды бақылау қызметі тәркілеп алып, кейін иесіне қайтарады. Бұл жолаушылардың барлығы әкімшілік жазаға тартылды. Әрқайсысына 2 АЕК, яғни  4810 тг көлемінде айыппұл салынды", - деді Бауыржан Кулишев.

Айта кетсек, қалада "Оңай" жүйесі енгізілгеннен бері автобуспен жүретін жолаушылар картасын пайдаланушылар саны көбейген. Күніне бір бақылаушы 1300 жолаушыны тексере алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу