Қоғамдық көліктердегі жол ақысы – 130 теңге

Павлодарда сараланған тариф іске қосылмақ.  

Қоғамдық көліктердегі жол ақысы – 130 теңге Фото: Ольга Бугаева

Павлодар қаласында жолаушыларды тасымалдайтын автобустар, шағын автобустар мен трамвайлар осы жылдың басында жолақысын көлік картасымен қабылдауға көшкен еді. Ал 1 желтоқсаннан бастап сараланған тариф та енгізіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Бүгінде тұрғындар облыс орталығындағы қоғамдық көліктермен қатынау үшін көлік картасымен де, қолма-қол ақшамен де 80 теңге төлейді. Ал келесі аптадан бастап кондукторлар картасы жоқ адамдардан 130 теңге алуы тиіс. Бұл ретте зейнеткерлер жол ақысын қолма-қол ақшамен өтесе, қазіргі 40 теңгенің орнына 65 теңге төлеуге міндеттеледі. 

Айта кетейік, Павлодар облысындағы үш қалада 1-11 сынып аралығында білім алатын 83 мың оқушының барлығы бірдей қоғамдық көліктермен тегін жүреді. Тек ол үшін шәкірттер оқушы картасын 500 теңгеге сатып алуы керек. Одан бөлек, тағы 15 әлеуметтік санат өкілдері шағын автобус, автобус және трамвайлармен қатынаған кезде жеңілдік пайдаланады. Айталық, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, көпбалалы отбасы өкілдері де ақы төлемей-ақ жүреді. Кейін әкімдік жолаушылар тасымалдайтын компанияларға олар үшін субсидия береді. 

Бұл ретте жергілікті әкімдік сараланған тариф еліміздің бірқатар қаласында енгізіліп үлгергеніне назар аударды. Айталық, мұндай тариф Астана, Алматы қалаларында бірнеше жылдан бері бар. Сондай-ақ, осы жылдың тамыз айында ШҚО және БҚО облыс орталықтарында енгізілді. Орал қаласында қолма - қол ақшамен төлем 150 теңгені, қолма-қол ақшасыз тәсілмен 80 теңгені құрайды. Өскеменде тұрғындар картамен 90 теңге, қолма-қол ақшамен 130 теңге төлейтінін еске салды. 

Бірақ кейбір тұрғындар сараланған тарифтің енгізілуін аса құптай қоймады. Әкімдіктің хабарландыруына "Сонда 130 теңге төлесек, жүргізуші бізді барар жерімізде жеке жеткізіп тастай ма?" деген сипаттағы мысқыл сөздер де, "130 теңгені жолақыға бергенше, бір бөлке нан алып, жаяу жүрейін" деген наразылықтар да жазылып жатыр. Тіпті, кейбір тұрғындар сараланған тарифті енгізу картамен төлеуге құлықсыз жолаушыларды электронды жүйеге ауысуға мәжбүрлеу екенін алға тартып, жоғары тұрған билік органдарына бейнеүндеу жариялауға бекініп отыр. 



 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу