Алматы қаласында іссапармен жүрген ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов "Қоғамдық бақылау және мониторинг" РҚБ басшысы Саида Таукелевамен, ҚР Қоғамдық тамақтану қауымдастығының басшысы Гүлбану Майғаринамен және "Азаматтық сараптама орталығы" жобасының басшысы Рүстем Амангелдімен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Алматы қаласындағы коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының қызметіне қойылған шектеу мәселелері талқыланды және қауымдастық аталған саланың жұмысын біртіндеп қалпына келтіруге бағытталған ұсыныстар жасады.
Қазір қоғамдық тамақтандыру саласында еңбекке қабілетті халықтың шамамен 23%-ы жұмыс істейді, олардың 85%-ы әлеуметтік аз қамтылған топқа жатады. Экономиканың бұл секторы пандемия кезінде үлкен зардап шеккендердің қатарында. Ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметтер бойынша, 2020 жылы қоғамдық тамақтандыру саласындағы кәсіпкерлер саны 95-тен 27 мыңға дейін азайды.
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер коронавирус инфекциясының таралу динамикасына қоғамдық орындар тікелей әсер ететін атап өтті. КВИ басқа респираторлық-вирустық ауруларға қарағанда адамға жұғу қауіпі жоғары. Сондықтан қоғамдық тамақтану орындары осыны ескергені жөн. Келушілер де, кафе қызметкерлері де зардап шегеді, олар да коронавирус инфекциясының тасымалдаушы болуы мүмкін.
Осыған байланысты Ерлан Қиясов “Қоғамдық бақылау және мониторинг” РҚБ-нің нысанның аумағына байланысты келушілер санын шектеуді қайта қарау жөніндегі ұсынысын санитарлық-гигиеналық талаптарды, жоспарлауды және т. б. ескере отырып қайта қарауды талап ететінін атап өтті. Сондай-ақ, "қызыл аймақтағы" тез тамақтанатын мейрамхана, асхана, фастфудтардың жұмыс режимін ұзарту жөніндегі ұсыныс та қаралатын болды, олар алкоголь өнімін сатпайды, келуші тек тамақ іше алады.