Көк Туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қаламын – Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент "ел үшін әр адам перзенттік парызын өтеуі тиіс" деп есептейді. 

Көк Туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қаламын – Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай барысында патриотизм деп жүріп мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі қарауға болмайтынын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Отаншылдық дегеніміз – әрине, Отанға деген сүйіспеншілік деген сөз. Алайда, Отан алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, перзенттік парызыңды өтеуге талпынбасаң, "отаншылмын, патриотпын" деген сөзіңнің құны көк тиын болмақ.

Қазір қоғамда "Қазақстанның мемлекеттік Туын қайда және қашан қолданған жөн?" деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс.

Дегенмен, ең алдымен, заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды барынша қолдау қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде жеке тұрғын үйлерде желбіреп тұрған Туды көргенде ерекше қуанатынын жасырмады. 

– Мен үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіресе, шетелдегі спорттық және іс-шараларда көк Туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қаламын. Сол арқылы еліміздің азаматтары бірлігі бекем ұлт екенімізді көрсетеді. Олардың әрекеттерінен туған елін мақтан тұтатыны байқалып тұрады, – деді Президент. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу