Осы жылы "Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру" жобасы да аяқталады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі Мөлдір Әбдуалиева Солтүстік Арал теңізін сақтау және толтыру мақсатындағы бірқатар жұмысқа тоқталып өтті.
Спикер сөзінше, жыл соңына дейін "Көкарал" бөгетін қайта жаңарту жұмыстарын аяқтау жоспарланған.
– Жыл соңына дейін министрлік Солтүстік Аралды Үлкен Арал теңізінен бөлетін "Көкарал" бөгетін қайта құруды аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл бізге солтүстік Аралды сақтауға, ондағы судың тұздылығын төмендетуге, аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға көмектеседі, – деді ол.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірге 39 жобаны қамтитын Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірлеген. Бұл өз кезегінде 2000 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Сонымен қатар, Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы мен балық аулау кәсібін дамытуға, өңірдегі экономикалық және әлеуметтік жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.