Ұлы даланың рухани мұрасын дәріптеуге, ауыл туризмін дамытуға, сондай-ақ жылқы шаруашылығы мен қымыз дайындау дәстүрін насихаттауға арналған дәстүрлі "Көкмайса" этномәдени фестивалі биыл 27 маусымда Ұлытау ауданының "Болатсай" аумағында ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жыл сайын өтетін айтулы шараға биыл шамамен 15 мың адам жиналды. Олардың қатарында Қазақстанның әр өңірінен келген қонақтармен бірге Ресей, Қырғызстан, Қытай және басқа да елдерден келген туристер болды.
Фестивальдің басты ерекшелігі – 500 биенің бір мезетте сауылуы. Қонақтар бұл ерекше көріністі тамашалап қана қоймай, жылқы бағу дәстүрімен, қымыз дайындау тәсілдерімен және ұлттық сусынның қазақ мәдениетіндегі маңызымен жақынырақ танысты.
Мерекелік алаңда қазақы нақышпен безендірілген 30 киіз үй тігілді. Мұнда келушілер ұлттық тағамдардан дәм татып, халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын тамашалады. Сондай-ақ қолөнер бұйымдары қойылған көрмелерді аралап, көшпелі тұрмыс мәдениетімен танысуға мүмкіндік алды.
Фестиваль аясында көкпар, қазақ күресі, асық ату және тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің көрмесі, шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасы, фотоаймақтар мен интерактивті алаңдар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
"Көкмайса" этнофестивалі Қазақстанның 2026 жылғы туристік күнтізбесіндегі маусым айының қорытынды іс-шарасы болды. Ал шілде айында ел тұрғындары мен шетелдік қонақтарды тағы бірнеше ауқымды мәдени және туристік фестиваль күтіп тұр.