Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қырғызстан мен Қазақстан спортшылары арасындағы жанжалға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Министрлік өкілі спорттық дау-дамайдың екі ел арасындағы саяси қарым-қатынасқа әсер етпейтінін атап өтті.
"Бұл біздің бауырлас ел, олармен жақсы қарым-қатынастамыз. Спорт саласында дау туындаса, ол тек спорт. Бұл жерде ешқандай саясат жоқ. Олар ат үстіндегі мінезді жігіттер. Тиісінше, барлығы қызу қанды. Эмоционалды мінез-құлық. Басқа ештеңе емес", – деді Айбек Смадияров.
Сыртқы істер министрлігінің өкілі бір ойынның нәтижесі елдер арасындағы қарым-қатынасты жоққа шығармауы керек екенін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан финалдағы Қазақстанның жеңісіне қырғызстандықтар жаппай наразылық білдірген еді.