Павлодар облысының әрбір ауданында көкпар бойынша спорт мектептерін ашу жоспарлануда. Мұндай жаңашылдықты енгізу туралы Шахмат үйінде өткен өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлім болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашевтің айтуынша, өңірімізде ұлттық спорт түрлерімен айналысатындардың саны 15 мыңнан асқан.
"2018 жылы облысымыздың 20 спортшысы ұлттық ойындар бойынша Қазақстан құрамасына алынды, - дейді Марат Айдашев. – "Қазақстан барысы" жарысына екі спортшымыз қатысты. "Жас барыс" додасында жерлестеріміз бір алтын, екі күміс және бес қола медальдарға ие болды".
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы тоғызқұмалақ ойыны Ертіс өңірінің мақтан тұтарлық жетістігі екенін атап өтті.
Спортшылар республикалық және халықаралық деңгейде жоғары нәтижелерді танытып келеді. Айталық, Үшінші бүкіләлемдік көшпенділер ойындарында Анастасия Фоос жекелей сында екінші орынға ие болса, құрама сапында жеңіске жетті.
Отырыс барысында Марат Айдашев көкпар ойнын дамыту мақсатында әрбір аудандағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде көкпар бөлімін ашу жөнінде ұсыныс айтты. Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев аталмыш бастама бойынша басқармаға бюджеттік өтініш жолдауды тапсырды.