Көксай шатқалында қар көшкіні болатындығы ескертілмеді - Қорғаныс министрі

1309

Көксай шатқалында қар көшкіні болатындығы ескертілмеді - Қорғаныс министрі

ҚР қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов 7 әскери қызметшінің өліміне алып келген Жамбыл облысындағы қайғылы оқиғаның себебін атады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Алдын ала тексеру барысында қайғылы оқиғаның басты себебі жылдың бұл мезгілінде аталған шатқалға (Көксай) тән емес аномальды ауа райы құбылысымен байланысты екендігі анықталды. Жауын-шашын барысында ауа райы күрт жылынып, соның салдарынан тосыннан қар көшкіні орын алған", – деді министр Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында. Сонымен қатар ол қайғылы жайтқа басқа да факторлардың түрткі болғандығын атап өтті.

"Қазір оқу-жаттығуды ұйымдастыру, қауіпсіздік шараларын сақтау сынды бағыттарда тергеу жүргізілуде. Комиссия қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету және қолдау бойынша  барлық мәселелерді қарастыруда. Біз госпитальде жатқан әскер қызметшілерге барып қайттық, олардың жағдайлары қанағаттанарлық. Олар дәрігерлер мен психологтардың қадағалауында. Әкімдер 4 отбасында болды", – деді Сәкен Жасұзақов.

Сонымен қатар министр қайғылы оқиға орын алған күні Көксай шатқалында қар көшкіні бөлуі мүмкін деген ақпараттың болмағандығын баса айтты.

"Бұл бөлім ол жерде жыл бойы тұрақтап келеді. Олар аталған шатқалда қысы-жазы жаттығу өткізеді. Жалпы, бұл бөлім таулы жағдайда әрекет етуге машықтанған. Бұл арнайы мақсаттағы таулы жерге арналған қорықшылар полкі. Төтенше жағдайлар және "Қазгидромет" тарапынан қалың жауын-шашын түсетіндігі ескертілді. Бірақ, көшкін қаупі жайында ескерту болған жоқ. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша болды. Қазір тергеу органдары мән-жайды анықтайды деп ойлаймын, одан кейін оқиғаның мән-жайы айқындала түседі",  – деді қорғаныс министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу